Бір келіншек күнде екі таба нан пісіріп, біреуін өзі талғажау етіп, біреуін терезесінің алдына қояды. Терезе алдына қойған таба нанды көшеде өтіп бара жатқан кез келген адам алып кете алады екен.
Нанды күнде терезе алдына қойғанда, басқа қалаға кетіп, содан бері еш xабар-ошарсыз жоқ боп кеткен баласының аман келуін тілейді екен.
Бірде нанды аяғын сілтіп басатын қаңғыбас шалдың алып бара жатқанын байқап қалады. Алайда шал алғыс айтудың орнына, "Жамандық қылсаң өзіңе, жақсылық қылсаң өзіңе!" деп кетеді. Байқаса, нанды күнде осы шал алады екен. Таң ата терезені бағып тұрады. Нанды көре сала дорбасына салып алып, манағы сөзді айтып кетеді.
Бұл- әйелдің ашуына тие бастайды. Қаңғыбас шал "алғыстан" гөрі, "қарғыс" айтып кететіндей әсер қалдырып жүр. Және ол дәндеген шалдан оңайлықпен құтылмасын біліп, ашуланып, сол күнгі таба нанға у қосып қояды.
Бірақ жеме-жемге келгенде у қосылған нанды терезе алдына қоюға әйелдің қолы бармайды. Ол со бойда істегеніне өкініп, нанды жалма-жан отқа тастап жібереді. Сосын басқа нан пісіріп, терезенің алдына қояды. Бұрынғыша қаңғыбас шал келіп, күс-күс қолымен алып жатып, "Жамандық қылсаң өзіңе, жақсылық қылсаң өзіңе" дейді бетіне қарап.
Сол күні кеште біреу әйелдің есігін қағады. Ашса, жоғалып кеткен ұлы екен. Түрінен тұр жоқ, киімі жыртылған, өзі жүдеп-жадап кеткен.
-Анашым, мен сені ешқашан көрмеймін деп ойлап едім! Жұмыс іздеп басқа қалаға барғаныммен, жолым болмады. Ақыры елге оралғанда, бір бұзық жігіттер жолығып, мені жолда аяусыз ұрып-соғып тонап кетті. Ес-түссіз жатқан жерімде аяғын сілтіп басатын қаңғыбас шал тауып алып, мен ес жиғанша күнде тамақтандырып жүрді. Күніне бір таба нан тауып әкелетін, күнделікті азығын екіге бөліп, нанның жартысын маған, жартысын өзі жейтін. Ана, адамның жүрегінің таза болуы сырт бейнесімен өлшенбейді екен, мен осыны түсіндім,-дейді ұлы құшақтап тұрып.
Мұны естігенде, әйелдің көзі қарауытып, басы айналып кетеді. Бүгін ғана шайтанның арбауына еріп, шалға уланған нан бергісі келді емес пе... Онда қаңғыбас шалмен бірге ұлы көз жұмар еді ғой...
Сонда ғана әйел "Жамандық қылсаң Өзіңе, жақсылық қылсаң Өзіңе" деген сөздің мағынасын түсінді...(Шолпан Мамбетаеваның парақшасынан)