Қабылбек ақсақалдың әңгімесінен:
Бір күні Семей шәрісіне Сәкен Сейфуллин келеді. Әлихан Бөкейханов күтіп алады. Ат арбамен келе жатқандарында, не сайтан түртті екен, көшеге тезегін тастамай үйренген жануар күйісінен жаңылып, тезегін тастайды. Дәл сол кезде Рамазан есімді атқосшының бүйіріне сарт етіп таяқ тиеді. Тосыннан тиген таяққа Рамазан марқұм артына жалт қарайды.
Еуропаның ақсүйектері секілді қолына таяқ ұстап, сері жүретін Сәкен: «Мұның не? Атты дұрыс баптап үйретпейсің бе!», - деп екінші рет ұрмақшы болғанда, Сәкеннің таяқ ұстаған қолын шап беріп ұстап алған Әлихан: «Сәке, бір ашуыңды бер, мал малдығын қылады да», - деп сабырға шақырады.
Артына бұрылған Рамазан атқосшы Әлиханның көзіндегі тамып кетердей үйіріліп тұнған жасты көріп, аңырып тұрып қалады.
«Міне, осындай кісі еді, анамдай мейірімді еді. Ары қарап кеткен арысым бері бұрылып келмеді ғой. Сондай мейірімді, сондай адал кісіні көзі қиып, қайтіп атты екен бұл үкімет. Осыны түсіне алмадым», - деп көзіне жас алатын Рамазан әкем».
Жазып алған Ырысбек ДӘБЕЙ