Мұхтар ШЕРІМ. «СУПЕР КЕЛІН» Қызда-ар, күйеу деген витамин екен ғой, күйеуге тиген со-ондай рахат екен, сен үшін отқа түсіп, кәуап болуға даяр ғой! Айналып-толғанып жүргені сол... Қыздар, өмірімде бірінші рет келін болып түсіп отырмын ғой, арада ай өтпей жатып, «супер» келін» атандым-ей... «Албасты келін», «Жексұрын келін», «Өсекші келін,» «Шестерка келін» деген атақтардан жақсы ғой әйтеуір. Мен өмірімде бөтен біреудің қасына жатып көрген емес едім... Келін болып түскен күннен көрпемді құшақтап, балконға жатып жүрдім. Құрбыма фейсбуктан хат жазғанмын, «Біртүрлі, ыңғайсыз екен...» деп, сосын ол: «Жындысың ба, не? Есектің қасында жатқан жоқсың ғой, ерлі-зайыптылар қос тақтай сияқты бірге жатады» деп жазып жіберді... Кім білген «суық әйел» шығармын, маған біртүрлі әйтеуір... Бірақ мен енем мен күйеуімнің, атамның айтқандарын екі етпей орындап жүрмін. Атам намаз оқып тұрғанда қасына келіп, «қарап тұрғанша, иығына массаж жасап берейін» деп ойладым. Қанша дегенмен, медколледжді бітірдім емеспін бе? Иығын уқалай беріп едім, иығын қиқаң еткізді. Тағы уқаладым, еңкейіп, басын жерге тигізді, мен де қалыспай уқалап жатырмын. Намаз кезінде сөйлеуге болмайды екен ғой? Біткен соң ұрысқан жоқ, тек: «Келінжа-ан, иығымда жара бар еді, одан бетер ауыртып жібергенің –ай...» деді де қойды. Енем менің алтын адам ғой! Қартайып қалған «подругам» сияқты. Құшақтап, қысып-қысып қойсам, аузынан көбік ағады... Енем айтқан соң, ет асайын дедім. Қамыр жайып жатып, етпетімнен түсе бердім. Болмаған соң, баклашкамен жайып көрдім. Болмады. Жалпа-ақ еттім әйтеуір. Маркермен сызып, гүлдерді салдым. «Әдемі болсын» дегенім ғой. Шанышқымен әр жерін тесіп, пышақпен әдемілеп кесіп, етті сүзіп алдым да, сорпаға қамыр салып, ішіне бір кесе айран құйдым, бір пиялай тұз салып, қаймақ қосып, чеснок турап, «атам ауырып жүр ғой» деп асқазанның шөп дәрісін себелеп, «өте дәмді» болсын деген оймен екі балмұздақ салып жібердім ғой. Атам да апам да ет «жеп», сорпасын ішті. Артынша екеуі де дәретханаға таласып қалды. Содан бастап, «супер келін» атандым! Менің жұмыс кестем мынадай, оны компьютерде теріп, принтермен шығарып, есікке іліп қойдым: Таңертең таңғы 05.00. Тұра салып, үйді шаң сорғышпен тазалау. (Үй ішіндегілер оянып, үрпиісіп отырады.) 05.10. Шоқиып отырған атам мен апады итеріп, шалқасынан жатқызу. 05.05. Күйеуімнің бетінен сүйіп, гүлдерге су құю. 8.00. Таңертеңгілік шәй дайындап, ыржиып отыру. (Қабағың түсіп, бұртиып отырма» деген құрбым.) 8.30 Күйеуім жұмысқа кетерде, мойнына асылып, ернінен сүйіп, бір аяғымды көтеріп тұру. (Түрік сериалдарынан үйренгенім) 9.00. Құрбыма ызбандап, соңғы өсектерін тыңдау. 9.30. Апамның аяғын уқалау. (Аяғы сырқырайды.) 10.00. Есінеу. (Ерте тұрдым ғой...) 10.30. Дүкендерді аралау. Атамның насыбайын ұмытпау... 11.30. Түскі тамақ дайындау. Дүкеннен әкелген «Россиский ролтон» қайната салу. (Атам жақтырмайды енді...) 13.00. Шәй ішу. Ролтон ішу. 14.00. Көршінің екі аяғын бір етікке тығу. Төбеден су сорғалайды. 14.30-17.00. Ауызымды ашып, бір көзімді жұмып ұйықтау. (Бір көзім бұрыннан жұмылмайды. Шыны көз...) 19.00. Күйеуімнің алдынан жүгіріп шығып, арқасына мініп алу. Ол мені арқалап кіргізеді. Еркелеген түрім. 19.30. Кешкі тамақ, кешеден қалған... Шәй. 20.00. Сағыз шайнау. 20.30. Сағызды түкіріп тастау.(Аузым ауырып кетеді тегі...) 21.00. Күйеуіміз екеуміз «шпион-полиция» ойнаймыз. Бір-бірімізді қуалап... Атам шынымен сеніп, ажыратып жатады. 22.00. Интернеттегі фейсбукте түнгі бірге дейін отыру. 13.00. Күйеуімнің қойнына рұхсатсыз жата кету. Міне, қызда-ар, менің күнделікті өмірім осылай өтіп жатыр! Күйеуге тиген раха-ат екен! Мұхтар Шерім,сатирик

Теги других блогов: продвижение SEO Google