ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ЕҢ ЖҮЙРІК ҚОС ҚАЗАҚ! ӘМИН ТҰЯҚОВ ПЕН ҒҰСМАН ҚОСАНОВТАН кейін әлемдік деңгейде бәйге алған қазақ жүйрігі болған жоқ. Нақты дерекке сүйенсек, Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов 100 метрді 10,2 секундта артқа тастап, Еуропадағы ең таңдаулы желаяқтың бірі атанса, содан бері 55 жылда бұл қашықтықта екеуінен озған алаш баласы болмапты. Ғұсман ағамыз қазақ жастарынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Ол кісі 1960 жылғы Рим олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО-АҚШ бәсекесінің жеңімпазы, Кеңес одағының ведомствоаралық чемпионатының алтын жүлдегері, КСРО рекордшысы, Украина мен Молдавияның бірнеше дүркін чемпионы. 1965 жылы 24 шілдеде Әмин Тұяқов 200 метрге жүгіруде 20,6 секунд нәтижемен Кеңес одағының рекордын жаңғыртты. Әминге дейін екі дүркін Олимпиада жүлдегері Борис Токаревтың 200 метрдегі одақтық рекорды 10 жыл бойы мұрты бұзылмай тұрды. Міне, қараңыз, қазақи болмысы бұзылмаған, әкесі мен анасының қанына арақ-шарап, доңыз еті араласпаған, сайын даланың тұнық ауасын еркін жұтқан алаштың қос саңлағы ХХ ғасырдың 60-жылдарында жұмыр жердегі ең үздік спринтерлердің қатарына еніпті. Әмин мен Ғұсманның сол тұстағы ұшқыр секундтарын Азия мен Еуропаның қазіргі жүйріктері зорға бағындырып жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты деректерге жүгінейік. 2002 жылы Бусандағы Азия ойындарында Сауд Арабиясының желаяғы Жамал әл-Саффар 100 метрді 10.24 секундта артқа тастап, жеңімпаз атанса, 2006 жылы Дохадағы Азия ойындарында тағы бір араб спортшысы Яхия Хабеб 100 метрге жарысуда 10.32 секундпен алтын тұғырға көтерілді. 2006 жылы 200 метрде топ жарған жапон Шинго Цуецукудің көрсеткіші - 20.60 секунд, ал бір миллиардтан астам Қытайдың намысын жыртқан Ян Яоцудың нәтижесі - 20.71 секунд. Біз жеңіл атлетиканың жілік майын шаққан маман немесе осы саладан диссертация қорғаған ғалым емеспіз. Біздікі бұлтартпас деректер арқылы араға қырық жыл түскен нәтижелерді салыстыру, ой қозғау ғана. Егер қазіргі стадиондардың «озық» төсеніштері мен «жүйрік» шиповкалары, бүгінгі таңдағы күш-қуатты еселейтін дәрі-дәрмек сол кезде болғанда, біздің ағалар Усейн Болттың қазіргі рекордтарымен «үзеңгі қағыстырар ма» еді, кім білсін. Иә, тізгін бермей, зымырап бара жатқан уақыт. Ғұсман ағаның да бақилық болғанына 27 жылға жуықтапты. Сексенінші жылдардың екінші жартысында арнайы сәлем беріп, жолығып тұрушы едім. Ол кезде Ғұсман аға республикалық спорт мектебінің директоры, көп сөзге жоқ, сабырлы, мәдениетті адам еді. Бір жолы Қазақстан құрамасындағы Айдар Әбділдин бауырымыз 100 метрге жүгіруде 10.2 секунд нәтижемен ірі жарыста оза шауып, сол екпінмен ағаға бара қалдым. Сонда Ғұсман аға Айдар інісінің табысына кәдімгідей қуанып еді. Неге екенін қайдам, бұдан кейін Айдар замандас көрінбей кетті. Ғұсман досымен егіздің сыңарындай, отыз жыл жұбы жазылмаған Әмин аға жақында ғана кіндік қаны тамған Маңғыстауға барып қайтты. Маңғыстауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына орай облыс басшысы Ералы Тоғжанов Әмин Тұяқовты арнайы шақыртқан екен. Сексен жастағы тарлан жүйрік осы сапар Нұрсұлтан Әбішұлымен жүздесіп, достарымен, ағайындарымен шүйіркелесіп, бір жасап қалды. Енді Тұяқовтың өз аузынан шыққан мына бір әңгімеге құлақ түріңіздер. – Кеңес одағының құрамасына 1961 жылы алындым. Содан алпыс сегізінші жылға дейін Одақтың айтулы желаяқтарымен бір сапта болдым. Ол бір тұтас ғұмырға татитын жылдар еді ғой. Қазір тілеулестерімнің есінде жүрсем – сол күндердің арқасы деп білемін. 1962 жылы тамыздың 13-жұлдызында 200 метрді 21,1 секундта артқа тастап, тұңғыш рет Одақ чемпионы болдым. Бұл қашықтық бойынша 1962– 1967 жылдарда Одақтың бес дүркін чемпионы атандым. 1965 жылғы одақтық рекордым (20.6 секунд) 1968 жылға дейін сақталды. 1965 жылы КСРО-АҚШ арасындағы айтулы эстафеталық сында Ғұсманмен бірге Кеңес Одағының рекордына қол жеткіздік. 1963, 1967 жылдары КСРО халықтарының жазғы спартакиадаларында 200 метрде бағым жанды. 100 метрге жүгіруде Одақ біріншілігінде үш күміс, үш қола жүлде алыппын. Екі рет Еуропа кубогына таласып, бір алтын, бірнеше күміс, қола медальға ие болыппын. Мұның бәрін мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Кейінгі жастар білсін, намысын жанысын деген ой ғана. - 1964 жылы Токио олимпиадасына талассыз барып тұрып, шідерлеулі жүйріктің күйін кешкеніңізді көрмесек те, көргендей күйзелеміз... – Әй, інім-ай! Бәйге біткенің беделдісі – Олимпиада жолдамасына қолың жетпесе, ешкімге өкпең жоқ қой. Мойның озық бола тұра бәйгеге қоспау – Батыраштың Құлагерді омақастыра жыққан әрекетіндей оспадар тірлік емес пе. 1964 жылы жазғытұрым Киевтегі жарыста 100, 200 метрде ешкімге дес бермедім. Бұл кезде КСРО құрамасының бапкері Леонид Бартенев екеуіміз ілігісіп қалып жүрдік. Құдайдың берген мінезі бар дегендей. Жөнсіз қылығын бетіне басамын. Басынан сөз асырмауға дағдыланған жан бұған қалай шыдасын. Бір-екі рет: «Кейін өкінбе!» деді. Мен кішірейе қоймадым. Осының бәрі Бартеневтің көкірегін қыжылдатып жүргенін Токиоға барғанда бір-ақ білдім ғой. Белімнің сәл ауырғанын сылтау қылып, эстафеталық сыннан қағып тастады. Бартенев менің орныма бұрын мұндай дуға түспеген Борис Савчукті қосты. Сөйтіп, сол тұстағы аузымен құс тістеген кеңес эстафеталық құрамасының бірнеше жыл қалыптасқан жүйесі бұзылды. Савчук Ғұсманың өзгелерден оқ бойы бұрын жеткізген таяқшасын қолынан түсіріп алып, жерге қаратқаны. Ол ес жиғанша, үш-төрт жүйрік алдына түсіп кетті. Сол мезетте ішім удай ашыды. Көзіме жас үйірілді. Кейін жігіттер «Әмин жүгіргенде, Олимпиада «алтынын» алар едік», деп талай рет бармақ шайнады. Өкінгеннен не пайда?! Иә, ол кезде жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтпейтін еді. Әмин мен Ғұсман 1965 жылы КСРО – АҚШ бәсекесінде 1964 жылы Токио олимпиадасында топ жарған америкалық жүйріктерді басып озды. Бұл дегеніңіз, бүкіл жер шары бойынша талассыз жеке-дара шығу деген сөз. Әмин Тұяқовтың Еуропа құрлығындағы жеңістері өз алдына бір төбе. Сол тұста Еуропаның ұшпа жүйріктері жер дүниені дүркіретіп жататын. Ендеше, Америка мен Еуропадан озған Әмин мен Ғұсманды сол кезеңдегі дүние жүзінің ең айтулы жүйріктерінің қатарында тұрды десек, қателеспейміз. ... Әлі есімде. 1991 жылдың шілде айы болатын. Аңқасы кепкен Алматының көшесі – көлікке, жалғызаяқ жолы - жүргіншіге толы. Сусын сататын сары бөшкенің маңы шұбатылған халық. Жұрт әр тұстан жылдамдата жетіп, бір-бірінің өкшесін баса кезекке тұрып жатыр. Мен өзге нәрсеге шөліркеп келем, біздер шыр етіп дүние есігін ашқан шақта жалпақ дүниені дүркіреткен жүйріктің әңгімесіне қансам деймін. Ойыма белгілі әдебиет сыншысы Қалтай Мұхамеджанов ағаның әлгіндегі сөзі оралды. Әмин ағамен қол алыса бере: «Мына шашты Ғұсман екеуің ағарттыңдар», дегені. Үніндегі ілтипат тұла бойымды шым еткізген. Әмин ағаның айыпты адамдай қысыла күлімсірегені, Қалтай ағаның самай шашын жәйімен сипағаны көз алдымда қайта жаңғырды. Бір бүйірін Әминдей саңлақтарға деген бөлек сезім жылытып жүретін жандардың көкейіндегі сөз тобықтай боп Қалтай ағаның аузынан шыққандай көрінді маған. Әй, шіркін-ай! Қалың жұртын жұлдыздай ағып жадыратқан жүйрікте не арман бар екен! Озсаң – жарқырап, сүрінсең – жүдейтін ұзақ жылғы жан толқынысы самайды қырау боп шалса, одан артық желаяққа қандай бақыт керек. Әмин аға Ғұсман досына адал. Тоқсаныншы жылдардың басында жүгіріп жүріп, Ғұсман Қосанов атындағы дәстүрлі ірі халықаралық жарыстың тұсауын кесуге жанын салып атсалысты. Құдайға шүкір, сол жарыс әлі күнге дейін түтінін үзбей жалғасып келеді. Біз болсақ, желаяқтар жер тарпыған бәсекелерден бір бауырымыз олжа сала ма, деп құлағымызды түріп жүреміз. Бір кездері, нақтылай айтсақ, 1961-1967 жылдары Кеңес одағы эстафеталық құрамасындағы төрт жүйріктің екеуі қазақ болғаны әлі күнге кеудемізді қуанышқа бөлейді. Иә, Әмин мен Ғұсман ағаларымыздың жер-дүниені дүркіреткен сол бір жеңістері қазіргі жастарға аңыз-ертегі тәрізді. Егер ауыл-ауылдан талмай іздеп, дұрыстап іріктеп, жүйесін тауып баптасақ, қазіргі қазақ баласынан талай желаяқтар шығатыны анық. Ендеше, жер-жерде спорттың тізгінін ұстаған алаш азаматтары Әмин мен Ғұсман ағалардың соңынан қос ат мініп қуатын мезгіл жетті. Бұл істі сіздер атқармағанда, кім атқарады?! Қыдырбек Рысбек. «Жас Қазақ» газеті.