ЖЫЛАҒАН АТА ТУРАЛЫ АҚИҚАТ. Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» - деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» - деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», - деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім - осы жер, осы үңгір», - дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін», - дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», - дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір кісі Жылаған атаның басына барған екен. Оның айтуынша, үңгір сылдырма тастың үстімен, бір аяқ жолмен жүріп өтетін таудың биік беткейінде орналасқан. Ол жерден төмен қарасаң жер құдды теңіздей терең болып көрінеді. Үңгірдің бергі жағы жеңіл көлік өтетіндей кең болса, арғы беті кішкентай бүлдіршін ғана сиятындай көлемде. Сағат сайын үңгірден ақ көбіктей мөлдір су атқылап тұрады. Бұл көбік - ата-ананың көз жасы деседі. Бір қызығы, ниеті қисық, таза емес адам жақындаса су тоқтап қалады... Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ, суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жәй ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ, осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңқалған зерттеушілер «Бұл шынында да Құдіреттің күші!» деген екен. Бір күні бір жігіт ағасы ниет етіп үңгірдің басына түнейді. Ертесіне бір молданың намазға жығылғанын көріп, қасына отыра кетіп, ішінен дұғасын оқиды. Кенет артқы жағынан нәрестенің шиқылықтаған даусы естіледі. Жалт етіп бұрылып қараса, кішкентай бала құммен үйшік жасап, соны қызықтап отыр екен. Орнынан атып тұрған жігіт балаға жақындай бергенде, ол бірден үңгірге кіріп кетеді. Содан соңынан ілесуге тырысқан жігіт үңгірден аттай бере, ортада қысылып, шыға алмай қалады. Сөйтіп молдалар шақыртып, құран оқытып, әзер дегенде шығарып алған.... Түркістаннан ары 60 шақырым арыда Үкəш ата деген əулие бар Пайғамбарымыздың қорғаушысы сол əулиеден ары 20-30 шақырымдай жерде Жылаған ата əулие! жақсы адамға су ағады жаман адамға су ақпайды.

Теги других блогов: құдай Жылаған ата әулие-әнбиелер